Құрметті қолданушы! Сіздің қолданып отырған браузеріңіз Internet Explorer 6. Қазіргі таңда бұл браузер ескі және кейбір бейнелерді дұрыс көрсете алмағандықтан браузерге шектеу қойылған. Сол себепті, Сізге Internet Explorer 8 нұсқасын орнатуға кеңес береміз.
 

  Тақырып   Авторы Жауаптар Қаралды Жазған уақыты
Телефонга арналган программалар 170mektep 14 1629 Кеше, 23:48
BookMaker 170mektep 3 155 Кеше, 23:41
ҰБТ 2012 ж arinaz 143 4310 Кеше, 23:03
дайын шаблон бар PSD ағылшынша қазақшаға... redbull 5 353 Кеше, 18:07
Комек e.nagmetulla 0 18 Кеше, 16:53
касперски кілт Konak 19 569 19:28, 21.05.2012
EPSON T50 принтериндеги акау Абикон 6 292 15:27, 19.05.2012

SoftZONE.kz сайты » Жаңалықтар » Өз тіліңде сөйле

Өз тіліңде сөйле

Авторы: jahan Орналастырған күні 22-05-2010, 22:43
  • 85
Өз тіліңде сөйлеп, өз ұлтыңды жақсы көру – өзгені жек көру деген сөз емес. Барлықтарыңыз оқыңыздар барлығымыз үшін өте қажет!
Өз тіліңде сөйле



Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты:


– Осы мемлекеттік тіл мәселесі дегеннен құтылар күніміз бар ма? Қашан қазақ тілі уайымсыз бола алады?
– Тәуелсіздік алғалы 20 жылға жуықтаса да оңбай келе жатқан мәселенің бірі тіл болып отыр. «Баяғы жартас – бір жартас» деп Абай айтқандай, өгіз арбаға теріс қарап мініп алып, «Алға, алға!» деп құр айғайлаумен келеміз. «Айдағанымыз– бес ешкі». Ал «ысқырығымыз жер жарады». Тіптен бұл мәселе шешімін таппақ түгіл, кері кетіп барады. Оның көптеген себептері бар. Сол себептердің біреуі – санадағы проблема. Бірнеше ғасыр бойы өзгенің езгісін көрген халықтың санасы мен болмысы өзгеріп кетеді. Бұл біраздан соң халықты рухани құлдыққа әкеліп соқтырады. Біздің қазақтың басындағы жағдай тұп-тура осындай.

– Сонда қаймана қазақ сол өзіңіз айтып отырғандай, рухани құл болған күйінде тарихтан өше ме?
– Құдай сақтасын! Қазақ қазір әлі ұйықтап жатыр. Ол сонау отарлық саясат басталған кезде ұйқыға кеткен. Нақты бір қадамдар мен сілкініс болмай, біз оянбаймыз. Әр ұлттың өзіндік сипаты тілінде, дінінде, дәстүрінде, тарихы мен атамекенінде жатады. Осы бес факторға әсер етпейінше, дүние төңкеріліп түссе де, осы қалпымыз өзгермейді. Осы бес анықтың бірі ортайса, немесе жойылса, халық өз бет-бейнесінен ажырап қалады. Онымен халықтың өзі болып күресуі керек. Шенеуніктер ештеңе істей алмайды. Олардан бірдеңе күту – ақымақтық. Мысалы, дүкенге барғанда, «хлеб» емес, «нан» деп сұрау керек. Оның қожайындары, басшылары ойлана бастайды. «Осы халық соңғы кезде қазақша сөйлеуді талап ете бастады. Қазақша білетін адам керек екен-ау» дегендей. Халықтың жағдайының қандайлық екенін қарнының тойғанымен ғана өлшеу апатқа әкеліп соқтырады. Рухани азығымызды да ойлау керек.

– Енді неге қарап отырмыз, бас тартатын уақыт жеткен жоқ па?
– Оның себебі көп. Бізге әлі де болса біреулер қарсы болып отыр.

– Біреулер дегеніңіз кімдер?
– Әлі де болса бізге қарап көз алартып отырған сыртқы отарлық империялық күштерді айтып отырмын. Біз шексіз байлықтың үстінде, мұнайдың үстінде отырмыз. Қазақ байыса, құлданған санасы сауығып кетсе, ешкімге күш бермей кетеді. Сол сыртқы империялық күштерге біздің халықтың барынша әлсіз, сауатсыз болғаны керек. Ұлттық санасы мен болмысы нашар халықтың жерін, мұнайын, байлығын тартып алу оңайға түседі. Сондықтан олар алдымен шабуылды халықтың экономикасы емес, санасына жасайды. Сенің киноңа араласады. Мәдениетіңе, әдебиетіңе араласады. Соның әсері қазақты масқаралайтын «Борат» фильмі деп айтар едім. Қазақтың әлем алдындағы рейтингісі біршама көтеріле бастап еді. «Ей, орныңды біл!» дегендей, сыртқы державалар «Боратты» түсіруге тапсырыс беріп қойды. Сөйтіп, бізді әлем алдында масқаралады. Ол үшін халықтың тарихи санасы қалыптасуы шарт. «Қазақ» деген кім? Ол қандай халық деген сауалдың басын ашып алу керек. «Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.

– Сөзіңізді бөлейін. Әлгіндегі кино туралы айтқаныңыздан шығады. «Келін» фильмін көрдіңіз бе?
– Бұл фильм қанымды қарайтып, жанымды шыжғырып, намысымды таптап кетті. Барып тұрған азғындық!.. Бұл да – сол сыртқы күштердің лаңы. Оларға керегі – сенің әлсірегенің, ұлттық сипатыңнан айырылғаның. Сол үшін олар сенің киноңа араласты. Саясатыңа араласты. Соның бір – көрінісі деп «Келін» фильмін айтамын. Көр де тұр, ертең «Келін» сырттан – Америкадан, Жапониядан міндетті түрде сыйлық алып келеді. Бұдан басқа «Қарой», «Тюльпан» секілді қазақты масқаралайтын бірнеше фильм тағы бар. Бұлар – ұлтты жаппай апатияға шақыратын дүниелер. Соны көре отырып, сол ұлттың өкілі болуды ар санаттыратын дүниелер. Өткенімізді күстаналайтын, бүкіл ата-бабаларымызға тіл тигізетін былықпа дүниелер.
Кезінде Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилль айтқан екен: «Англияда мәңгілік дос жоқ. Англияда мәңгілік мүдде ғана бар» деп. Қазаққа қазақтан басқа ешкімнің жаны ашымайды. Біреуге жақсылық жасадың ба, әрине, алдыңнан шығады. Асықпау керек. Одан қайтпаса да, Құдайдан қайтады. Жамандық жасадың ба, күте бер! Бір күні-ақ алдыңнан шығады. Осы заңдылықты басқарып отыратын бір ұлы күш бар. Оны Алла дейді. Иманды адам Құдайдан ғана қорқады. Имансыздар неден қорқады? Олардың құдайы көп. Ақша, қымбат көлік, мансап дегендей. Олар содан ғана қорқады.

– Сонда сіздің аяқастынан киноға қарай бет бұрысыңыз осындай «құйыршық» дүниелердің әсерінен болды дейсіз бе?
– «Жетімдер» мен «Ағайындылар» фильмін меңзеп отырсыз ғой… Бұл жерде қателесіп отырсыз! Бұл менің біржолата киноға бет бұрғанымды көрсетпейді. Мен тек жүрегі шуаққа толы жандарға қолдау білдірдім. Барлық еңбек солардікі. Сол дүниені жасаушылармен іздеп жүріп әдейі таныстым. Дарынды азаматтар екен. Мені солардың қазағын, елін сүйген жүрегі қуантты. Ең бастысы – жүрегінен шықты, жүректерге жетті. Миллиондаған қаржыға түсірілген кейінгі жылдардағы қазақстандық қай фильм халықты шуаққа бөледі деп ойлайсың? Ұлтты масқаралаған «Қарой» мен «Тюльпаннан» басқа не көрдік?

– Сізді кезінде уахабист болып кетті деп жүрді. Бұған қандай уәж айтасыз?
– Бұл күндегі аса қауіпті, жексұрын жандарды «уахабист» дейміз. Халықтың тамырына жұмыс істеген Мағжан, Сәкен, Тоқаш секілді Алаштың ұлдарын кезінде аттырып-жаптырып тастадық. Бас көтергендерін «арабтың, жапонның тыңшысы» деп қараладық. Бұл үрдіс қазір де бар. Ұлтыңды, тіліңді, салтыңды, дініңді сөз ете бастасаң, «уахабист» деп атай салады. Сөйтіп, адамзаттың жауы қылып қояды.
Кезінде олар мені «аруаққа сыйынбайды» деп кінәлады. Әрине, аруаққа сыйынбаймын, әрине, сыйлаймын. Оны жасырмаймын. Сыйыну мен сыйлау екеуі – екі түрлі дүние, «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед – Алланың елшісі» деп білген мұсылманмын.
Шын мәнінде, «уахабист» сөзінің нақты қандай сипаты бар, онда ешкімнің шаруасы жоқ. «Қой, оларға жолауға болмайды. Олар – уахабист, сақалы бар деп» жылы жауып қояды. Ол сақал Ленинде де, Чиркалинде де болған. Данышпан Абай мен үш жүздің басын қосқан атақты хан Абылайда да болған ондай сақал. Бүгін билік сахнасында Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко да сақалмен жүр. Фидель Кастроның сақалы тіптен ұзын. Ал оны тексеріп, шындығына жетуге құлдық сана мүмкіндік бермейді. Немесе, білсе де, жолауға қорқады. Олар іштей біреулерге жақпай қалатынын біледі. Сырттан біреудің қарап тұрғанын сезеді. Ондайлар ұлтын сата салуға, бірге туған бауырын тепкілеп, өз тілін күстаналай салуға даяр тұрады. Күн санап құлдыраған сана ақ пен қараны да айыруға шаманы келтірмейді-ау!

– Сіздің ойыңызша, ақ пен қараны айыру үшін не істеу керек?
– Ол үшін мұсылман бол. Кез келген нәрсеге ислами көзқараспен қарау керек. Пайғамбарымыздан қалған хадис бар: «Сендер Алланы таныңдар. Оны танысаңдар, сендерге ақ пен қараны айыратын қабілет береді» деген. Абайдың өзі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың» деп, не үшін зар жылады? Сондағы айтатыны – «ақ пен қараны айырмадым» дейді. Бұл сорлылық пен ғаріптіктің жеткен тұсы болып есептеледі. Ондайлар жақсы мен жаман түгіл, у мен балдың дәмін де айыра алмайды.
Надандықпен күрес – әркімнің міндеті. Ол үшін ешкімнің басын жарып, көзін шығарудың немесе оқыс қимыл жасап, аттандаудың қажеті жоқ. Өз орныңды, өз тегіңді біл. Балаңды өз тіліңде, өз дініңде тәрбиеле. Өз тіліңде бесік жырын айт. Болды! Бұдан артық ештеңенің қажеті шамалы. Осыған ұмтылу, тілі, халқы, діні үшін жанталасу – әрбір қазақтың ұлт алдындағы, ата-баба аманаты мен Алла алдындағы қасиетті борышы. Ең бастысы, өз тіліңде сөйлеп, өз ұлтыңды жақсы көру өзгені жек көру деген сөз емес екендігін білу керек.

– Көтеріп отырған проблемаларыңыз өте өткір әрі ұлттық мүдде тұрғысынан аса маңызды. Мұндайды көрген адам одан шығар саңылауды да іздейтіні анық қой. Сіздіңше, қайтсек, не істесек, қазақты өзіңіз айтып отырған қауіп-қатерден қорғап қала аламыз?
– Халықтың санасын сауықтырып, тамырына қан жүгіртетін ең қарапайым тәсіл – оралмандарды атажұртына әкелу. Алдымен, бізге негізгі ұлттың саны керек. Сан бірте-бірте сапаға ауысады. Сол тілде сөйлейтін халықтың көп болуы сол халықтың мерейін көтереді. Қытайдан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан келетін қазақтар өз ана тілінде сөйлейді. Жай сөйлеп қана қоймайды, өз халқының санасымен ойлайды. Олардың келуі халық мәдениетін көгертеді. Тілге деген құрметті көтереді. Олармен бірге өзбектің жер тырнаған еңбекқорлығы, қытайдың кәсіпқойлығы, Моңғолиядан кеңқолтықтық пен дархандық қасиет келеді. Отыз миллион болып отырған өзбекке сол жердегі үш миллион қазақтың көк тиынға қажеті жоқ. Ол, керісінше, бізге керек. Сосын сол жақтағы қазақтың өзіне, оның бала-шағасына керек. Ал қытай «мына қазақтар көшіп барса, Қазақстан күшейіп, дамып кетуі мүмкін» деп жібермеуі ықтимал. Әйтпесе оларға да қазақты күштеп ұстап отырудың қажеті шамалы. Олар кетсе, сол жерге әрбір қытай егін салуға құмартып отыр. Соны біле тұра, босқа қарап отырмыз. Олар бері қарай ығысса, Нарынқол бос жатыр, Кеген бос жатыр. Көп жеріміз толығар еді.

– Кезінде сіздің тарапыңыздан ұрпақ тәрбиесі мен оқулықтар сапасы жөнінде ащы пікірлер айтылып жатты. Соған тағы бір мәрте тоқталып өтсеңіз. Ескертулеріңізден нәтиже шықты ма? Қателіктер түзелді ме?
– Тілге қыруар ақша бөліп жатыр. Бірақ сол бөлінген қаржыны сыртқа ағызып жібереміз. Үйретсек те, өте қиын, адам ұқпайтын бірдеңелерді тықпалаймыз. «Ол кім, бұл не?» деп аспанға қарап, оңы мен солын айыра білмейтін «әпенділерге» анау Томирис туралы, Қабанбайдың неше әйелі бар, Бөгенбайдың аяқ киімінің размері қандай болған немесе одан да сорақы «қасқыр қойдың етін жақсы көре ме, әлде қоянның етін жақсы көре ме?» деген сұрақтар қойып жатырмыз. Осы не үшін керек? Олар тіл үйренбейді. Дәстүрді үйретіп жатырмыз дейміз. Балаларға арналған әліппелеріміз де сондай. «Ажырық», «изен» деген шөп бар деген сияқты… Бұл жаппай елдің аллергиясын, ұлтқа деген жеккөрінішін тудырады. Тіл деген күнделікті қарым-қатынастан басталады. Ал біз болсақ сұрақты өте қиыннан бастаймыз. Оны бала ата-анасы мен мұғалімі үнемі қасында отырмаса, ұқпайды. Содан соң ата-ана «балам миғұла болып кетер» деп, орыс мектебіне бере салады. Осылайша, қыруар қаржы желге ұшады. «Балам – болашағым» деп білген қазақ мұндай қадамға барамаса керек еді.

– Соңғы кездері қоғамда діни ағымдар қаптап кетті. Бұл тыйымның аздығынан ба?
– Біздің қоғамда діни ағымдар емін-еркін жүзіп жүр. Саентология, иегова дейсің бе – бәрі бар. Бұлар – кезінде кәріс мемлекетінің іргесін шайқалтып жіберген ұйымдар. Бұлардың артында үлкен саяси күштер тұр. Шексіз ақша жатыр. Саентология ұйымы адамдарға алдымен Алла туралы неше түрлі уағыздар жүргізеді. Әрбір адамның бойында Аллаға деген кіріптарлық бар. Олар осыны жақсы біледі. Сосын барып оларға барлық күнәлары туралы жазып берулерін сұрайды. Әбден иланған сорлылар не істеді, не жеді – бәрін тізіп береді. Кейін олар оп-оңай саентолог болып шыға келеді. Бірдеңе десе, «елге жариялап жібереміз» деп бопсалайды. Жаны қалмаған байғұстар бар тапқанын сонда жібереді. Ақыры амалы таусылғандар мемлекеттің ішкі саясаты мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін деректерді де беруге мәжбүр болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар Датым…
– Қытайда 1,5 миллионнан астам қазақ бар. Өзбекстанда да осындай қазақ бар дейміз. Бірақ онда 3 миллион қазақ өмір сүріп жатыр. Оларды едел-жедел түрде елге қайтарып алуымыз керек. Бұл түрімізбен кете берсек, 10-20 жылда Қытайда қазақ қалмай қалады. Өйткені бүгінгі таңда тек Қытайда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде аз ұлттардың жұтылу үрдісі жүріп жатыр. Мұхиттың ар жағында жатқан Америка мен Франция секілді алпауыттардың өзі Қытайдан қорқып, қымтанып отырғанда, біз әлі бейқамбыз. Ол жақтағы қандастарымызды тартып алмасақ, ұрпақ алдында, ата-баба аманаты алдында кешірілмейтін күнәға батуымыз мүмкін.

ТОСЫН ОЙ
– Айталық, дүкеннен бір кір жуатын машина сатып алдық дейік. Оның дұрыс жұмыс істеуі үшін арнайы нұсқаулығы болады. Ұнтағын былай сал, ағартқышын былай қос немесе токқа қосқанда, 320 емес, 220 вольтқа қос дегендей. Осы нұсқаулықты пайдалансаңыз, машинаңыздың, әрине, ғұмыры ұзақ болады әрі сапалы жұмыс жасайды. Жібектің орнына матаны немесе керісінше басып тастасаңыз, бітті, машинаңыз істен шығады. Адам баласы да осындай. Ол да – бір ұлы күштің жаратылысы. Оның да нұсқаулығы бар. Қалай өмір сүру керек, қалай жүру керек – бәрі жазылған. Ол – Құран Кәрім. Адам рухани азғындаған сайын өз болмысынан айырыла береді.
Бүркіт НҰРАСЫЛ

 

Алаш айнасы





Құрметті қонақ, Сіз сайтқа тіркелусіз кірдіңіз.
Сайтқа тіркелуіңізді немесе өз атыңызбен кіруіңізді сұраймыз.

Пікірлер:

Пікір қалдыру
  • Тобы: Модератор
  • ICQ:

  • {awards} {awards-link}
  • Тіркелген күні: 14.12.2009
  • Пікірлері: 198
  • Жаңалықтары: 64
^
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады!»

--------------------
Хабарлама
Қонақ тобындағы қолданушылар, бұл жаңалыққа пікір жаза алмайды.