Бұл "Біржан сал" фильмі қазақ халқының аты аңызға айналған танымал ақыны және композиторы Біржан Қожағұлұлының өмірін бейнелейді.
Фильм мазмұны:
Бұл фильм тәкәппарлық пен бойсұну, намыс сезімі мен кемсіту, құрмет пен қиянатшылдықтың таңдауын көрсетеді. Сонымен қатар соңғы махаббат пен жалғыздықтың ащы тарихы.
Работая над картиной, авторы уделили большое внимание деталям, которые передали бы на экране атмосферу, колорит того времени. Тщательное изучение архивных материалов помогло им воспроизвести детали быта, особенности речи и норм поведения, характерных для конца XIX века.
Түсірілімдер Біржанның туған жері - Көкшетау өлкесінде өткізілген. Табиғаты көркем жерде бірнеше ауылдар құрылды, өлке тұрғындары көпшілікті түсірілімдерде белсенділік көрсеткен.
Сценария авторы: Т. Асемкулов
Режиссерлары: Досқан Жолжақсынов, Р. Альпиев
Операторы: Р. Ибрагимов
Рөлдердe: Досқан Жолжақсынов, Аша Матай, С.Оразбаев, К.Түлегенов, Б.Абдильманов, Г.Тутова
Фильм премьерасы 3 қыркүйекте «Алатау» кинотеатрында өткізіледі. Басталуы 18:15 -те
Қазақстан кинотеатрларында:
03.09.09
Астана тойы кезiнде «Самұрық» кинотеатрында атақты актер, белгiлi өнер қайраткерi Досхан Жолжақсыновтың «Бiржан сал» көркем фильмiнiң таныстырылымы болды. Бұл киноны түсiру үшiн 350-ге жуық киiз үй тiгiлiп, 300-ге тарта ауыл тұрғындары тартылған. Ойнаған актерлердiң ұзын-ырғасы 90-ға жеткен. «Бiржан сал» қалай түсiрiлдi? Осы жөнiнде фильм режиссерi әрi басты кейiпкердi сомдаған Досхан Жолжақсыновпен әңгiмелескен едiк.
Ақан серi Бiржан
салмен табыстырды
– Менiң өскен ортам өнерден кенде болған жоқ. Шешем: «Бала күнiмiзде ауыл арасында Бейiмбет Майлиннiң «Шұғасын» жиi ойнайтынбыз», – деп айтып отыратын. Ал әкем өле-өлгенше қолынан домбырасын тастаған емес. Ауылдың ақсақалдары «әкең ән салғанда...» деп әлi күнге дейiн тамсана еске алып отырады. Ол суырыпсалма ақын едi. Әңгiмелерi де сұмдық болатын. Аузынан Бiржан сал, Ақан серi, Мәди, Жаяу Мұса түспейтiн. Байрон «Менiң жазған өлеңдерiм – бiр жастан бес жасқа дейiн көрген-бiлгендерiм» дептi. Менiң өнер әлемiне жол тартуыма, домбыраға әуестенуiме осы әкемнiң салған әндерi мен айтқан әңгiмелерi түрткi болды.
1969 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға түстiм. 1970 жылы Ғабит Мүсiрепов атындағы балалар мен жасөспiрiмдер театрының қосалқы труппасына жұмысқа алындым. Сонда ойнаған соңғы рөлдерiмнiң бiрi «Ақан серi – Ақтотыдағы» Ақан серiнiң рөлi болатын. Жалпы актердiң қолында домбырасы, көмекейiнде әнi, яғни, бесаспап өнерпаз болмаса болмайды. Алдымен Алланың, одан соң әкенiң қаны мен ананың сүтiнен дарыған болуы керек, актерлiк кәсiптi тез меңгердiм. Менiң рөлдерiм театрдың iшiндегi көркемдiк кеңеске ғана емес, көрермендерге де ұнады.
Негiзi Ақан серi туралы әркiм әрқалай жазады. Мен болсам, образды сомдағанда пластинкаға жазылған Шәкен ағаның дауысын көп тыңдадым. Сол арқылы өз үнiмдi iздеуге тырыстым. Ақан серi мен үшiн Бiржан әлемiне жол сiлтеген қозғаушы күш дер едiм.
– Ал режиссураға қалай келдiңiз?
– Бұрын режиссураға барған адамды көп сынайтынмын. Оған актерлiк қабiлетi жоқтар амалсыздан барады деп ойлайтынмын. Белгiлi режиссер Талғат Теменов екеуiмiз 90-шы жылдардың басында «Бiржан сал» туралы фильм түсiре бастаған едiк. Сценарийге терең үңiлмегендiктен бе, есiмде қалмапты. Онда Бiржан туралы тек жалпылама айтылатын. Қаражаттың жоқтығынан жұмыс орта жолдан тоқтады. Бұл, әрине, маған оңай тиген жоқ. Өзiмдi Бiржанның алдында қарызы бар адамдай сезiнiп жүрдiм. Ақыры, тәуекелге бел буып, серi туралы фильмдi қайтадан жалғауға кiрiстiм. Осы үшiн театрдан кеттiм. Өйткенi өзiм театрда көркемдiк кеңестiң төрағасы болатынмын. Сондықтан актерлер тұрғанда, төраға басыммен басты рөлде өзiм ойнағаным дұрыс болмайды деп шештiм. Бiрақ кейiн байыптап қарасам, 7-8 жылдың iшiнде бiрде-бiр рөл ойнамаппын...
– Сөзiңiз аузыңызда, театрдағы соңғы рөлiңiз есiңiзде ме?
– Әрине. Әкiм Таразидiң «Iндетiндегi» Әзберген болдым. Мемлекеттiк сыйлық әперген де – осы рөл. Бұдан кейiн «Көшпендiлерге» кеттiм. Қайта айналып театрға барған жоқпын. Өйткенi режиссура менi қызықтырып әкеттi. Бұл салада жұмысқа деген жауапкершiлiк әлдеқайда жоғары екен. Бiр сөзбен айтқанда, кино өнерiне деген көзқарасым өзгердi. Ойлана келе, сценарий жазатын адам iздедiм.
Белгiлi мәдениеттанушы Әлия Бөпежановаға тоқталып, ол кiсiге ойымда жүрген мәселелердi жайып салдым. Ол бiраз күннен соң менi шақырып, Таласбек Әсемқұлов деген бiлiмдар азаматпен жолықтырды. Бұл жiгiт 12 жасынан бастап Байжiгiттiң күйлерiн тартқан. Оны Алматыға Семейден Мұхтар Мағауин алып келген. Байжiгiттiң күйлерiн бүгiнде Таласбектен басқа ешкiм орындай алмайды. Сөйтiп Таласбекпен таныстым. Ол менiмен кездесерден сәл бұрын Абылай хан туралы жазыпты. Әлгi мақаласын журналдан оқып шықтым. Онда ұлттық құңдылықтарға ерекше мән берiлген екен, сөз саптауы да, ой орамы да түзу. Артық сөзi жоқ. Содан екi жарым жылдай сценарий жазумен айналыстық. Таласбекке Бiржанның тағдыры сан қилы, оны көрерменге ашып көрсете алуымыз керек әрi бұған бүгiнгi күннiң көзқарасы да қосылуы керек деп түсiндiрдiм. Менiң түсiнiгiм бойынша, болашақ кинотуынды бүгiнгi күнi шатқаяқтап бара жатқан руханиятқа дем берiп, ұлттық құңдылықтарын жоғалтқан қазаққа ой тастауы қажет. Бiржан туралы сценарий әдеби-тарихи шығармаларды қайта-қайта қарап, көп еңбектенгеннiң арқасында дүниеге келдi. Алғаш оқығанда көзiме жас келдi. Көңiлiме қонды. Содан сценарийдi арқалап, киностудияға келдiм. Онда бiраз тартыс болды.
– Неге?
– Ол кездегi студияның басшылары ұлттық мәдениеттен алыстау адамдар болатын. Сондықтан оларға сал-серiлiктiң не екенiн, қазақ үкiнiң орнына асыл таққанын, халқымыз сал-серiлерiн қалай қастерлегенiн түсiндiрiп, бiраз әлекке түстiк. Содан кейiн ғана сценарий бекiп, қаражат бөлiндi. Алғашқы түсiрiлiм өткен жылдың мамыр айында басталды.
Киноның ортасында мәйiттi жерлеуге әкеле жатқанда кiшкентай қыздың жүгiретiн жерi бар. Ол эпизодты бiз Қордайда түсiрдiк. Әдейiлеп барып, қызғалдағы көп жердi көрiп кеткенбiз. Төрт күннен кейiн түсiру тобымен барсақ, қызғалдақтың барлығы күйiп кетiптi. Ендi қайттiк? Басқа жерге көшу мүмкiн емес. Содан бiр төбе тұр екен. Оның ар жағы толған сары гүл. Мәйiттi сары гүлдiң үстiнде түсiрдiк. Қазақ «сары уайым» деп тегiн айтпаған ғой. Ендi киноның негiзгi бөлiгiн түсiретiн жер таппадық. Әу баста Көкшетауға барып, Бiржанның туған жерiнде түсiретiн болғанбыз. Жол алыс, ақша жетпейтiн болды. Алматының маңайынан қолайлы жер iздедiк. Бiрақ Көкшенiкiндей сыңсыған қарағай, мөлдiреген су қайда? Ақшамызды санасақ, 200 миллиондай жетпейдi. Содан депутаттарға айтып, жағдайымызды Үкiметке жеткiздiк. Ел басында жүргендер бiздiң бастамамызды қош көрiп, қажеттi қаражат бөлдi. Содан Көкшетауға тарттық. Не керек, түсiрiлiмдi 5 маусым күнi бастап, 5 тамыз күнi бiтiрдiк.
– Түсiрiлiмнiң тез аяқталуы неден?
– Бiрiншiден, көңiлдiң құлақбұрауы келiстi. Әр күнiм қалай өткенiн бiлмеймiн. Құдды ертегiдегiдей. Зымырап өттi де кеттi. Әртiстерiм де көңiлiмнен шықты. Экраннан байқасаңыз, әр актер өзiн лайықты деңгейде алып шықты. Көзқарасы да, жүрiс-тұрысы да шынайы, сенiмдi болды. Түсiрiлiм аяқталған соң досым Иманғали Тасмағамбетовке киноның алғашқы нұсқасын көрсеттiм. Талғамы жоғары азамат қой. Мен қаншалықты кәсiби маманмын десем де, ол мен байқамаған кемшiлiктердi көрсетiп бердi. Фильмдi көргеннен кейiн Иманғали: «Астана күнiне алып келсең қайтедi?» - деген ұсыныс бiлдiрдi. Келiстiм. Уақыт тығыз. Тезiрек қимылдап, киноның дыбысын қойып, монтаждауға Мәскеуге тарттым. Сол сапардан 5 шiлде күнi ғана оралдым.
Табыстарымның үлкенi – Әпiш, Мақпал, Ләйлiм
– Фильмге түсетiн актерлердi қалай таңдадыңыз?
– Бұл киноға түскендердiң денi – бiтiм-болмысымен қазақы адамдар. Әпiш, Мақпал, Ләйлiм – бұл үшеуi iшкi жан дүниесi ұқсас жандар. Мысалы, Әпiштiң қыз күнi – Ләйлiм. Келiншек күнi – Мақпал. Ал дара халықтың дархан даласының анасы – Әпiш. «Азаматтың ары тапталып жатқанда, бiр қатынның өлiмi садақа!» дегендi қазақ әйелiнен басқа ешкiм де айта алмайды. Мұндайды қазақтың өжет аналары ғана айта алған. Ал ана – Мәдияр апаны ойнаған Жүсiпбек Елебектiң бәйбiшесi 92 жастағы Хабибi апайымыз: «Жақсы әйел 40 тоқалды бiр жерге жинаған», – деп айтады. Мәселе тоқалда емес, өнерге деген, өмiрге, отбасыға, ер азаматқа деген көзқараста. Ал бүгiнгi күнi одан не қалды? Ештеңе де.
Қалған актерлердiң барлығы – кәсiби мамандар. Жұбайды ойнаған Асылболат Смағұлов бiраз жыл елорда театрында жұмыс iстеген едi. Қазiр қол үзiп қалыпты. Азынабайды ойнаған Төлеген Қуанышев, бақсыны ойнаған Жақсыбек Құрманбеков, Асылболат Смағұлов – төртеуiмiз бiрге оқып, Хадиша Бөкеевадан тәлiм алып, бiрге бiтiргенбiз. Бұлардың әрқайсысының қазақ өнерiнде өзiндiк орны бар. Бiржанның ағасы Нұржанды ойнаған Саят Мерекенов қандай актер?! Табыстарымның үлкенi – Әпiш, Мақпал, Ләйлiм. Әпiштi iздегенiмде маған М.Әуезов атындағы драма театрда жұмыс iстейтiн Гүлшат Тұтова дейтiн актрисаны таныстырды. Оның аздап мұң тұнған жылы жүзi, мөлдiр қара көзi бiрден ұнады. Мақпал – АҚУ-дiң 2-курс студентi. Бiр қарағанда, ер азамат көз тiгетiндей, ақсүйектiгi бар. Бiрақ жан дүниесi Әпiштiкi секiлдi. 20-ға жуық актердiң iшiнен таңдау Мақпалға түстi. Ләйлiмдi де көп iздедiм. Бiраз жүрiп эстрадада ән айтып жүрген Аша Матайды таңдадым. Суретшiнiң қолындағы қыл қаламдай бәрiне дайын тұратын, iштей ойланатын бала екен. Көлбайды Талдықорған театрының актерi Сағындық Жұмадiлов өте жақсы ойнады. Көлбайдың бәйбiшесi Ақкөбектi менiң iнiм Ерiк Жолжақсыновтың жұбайы – Қымбат ойнады. Жанботаны ойнаған Айдос Бектемiров – бойы да, келбетi де келiскен тұлға. Қысқасы, мен өз ойымдағыдай актерлердi таба алдым.
– Кино түсiру барысында қатты әсер қалдырған оқыс оқиғалар болған жоқ па?
– Болды. Бәлкiм, мұны кинодағы ең үлкен жетiстiгiм десем, болатын шығар. Мен киноның түсiрiлу барысында Темiртастың ұлы Айтмұханбет ақсақал тiрi екенiн бiлдiм. Көкшетау облысының Қазақстан деген ауылында тұрады екен. Бiржанның немересi тiрi дегендi естiгенде, елең ете қалдым. Iшiм астан-кестен болды. Барамын деп отырғанда ол кiсiнiң ауырып жатқанын естiдiм. Бiрақ 5-6 күннен кейiн өзi келдi. Суретiне қарасам, Темiртас атамызға қатты ұқсайды екен. Сексеннiң екеуiне келiптi. Алдымен Бiржан атаның әнiн тыңдадық. Көзiне жас алып, атамыздың өмiрiне тереңнен үңiлiп жатқанымызға ризашылығын бiлдiрiп, батасын бердi. Мен де өз тарапымнан қолдан келгенше көмектесуге тырыстым. Ақмола облысының әкiмi Альберт Рауға айтып, баспана мәселесiн шешуге көмектестiм. Ал Темiртастың рөлiн ойнаған бала мектеп-интернатта оқиды. Құдай қаласа, осы баланы тәрбиелеп, өсiремiн деп отырмын.
Екеуi де – даланың еркiн көкжалы
– Соңғы жылдары түсiрiлiп жатқан тарихи фильмдерде басты кейiпкердiң тұлғалығынан, оның сүйiктiсiне деген сезiмi жоғары тұратынына бой үйретiп алдық қой. Ал бұл фильмде Бiржанның Ләйлiмге деген сезiмiн елiне деген сезiмi жеңiп шыққан тәрiздi...
– Бiрiншiден, жүрекке сыяр сезiмi, көкiрекке түйер тұлғалығы бар, осының барлығын төрт ауызға сиғызған Бiржан селтеңбай болса, анадай әндер жазылар ма едi?! Бiржанның ең бiр толықсыған кезiн алғанда, алдымен, ұлтына, жерiне деген махаббатын жоғары қойдық. Себебi осылар – Бiржан болмысының түпнұсқасы. Сезiм ет пен терiден ғана емес, жүйкеден жаралған. Мысалы, Бiржандай тұлға «айт шу, сендердiң сөздерiңе, құдаласқандарыңа» деп пысқырмай алып қашып кетсе, ол онда Бiржан болар ма? Елуге келген Бiржан ойланып, сезiмдi ел үшiн құрбан етiп тұр ғой. Оның тұлғалығы, бүгiнгi жастарға өнеге-үлгi болар қасиетi осы емес пе? Кино – өнердiң iшiндегi синтездi дүние. Оның аудиториясы кең. Сол себептi мен көп ойланып, қазаққа не керек деген сұрақтың төңiрегiнде бас ауырттым. Тiлiмiз, дiлiмiз былай тұрсын, бiраз құндылықтарымыздан айырылдық. Бұл – бiздiң ұтылғанымыз. Бiржанға бет бұрған себебiм де – соның орнын толтыру.
– Киноның басында орыс әскерiнiң «они – вольные люди» деп айтатын жерi бар. Сондай-ақ орыс әскерiнiң сал-серiлер қуып келе жатқан қасқырды атқанда көкбөрiнiң аспанға қарап, ұлып қиналатын көрiнiсi бар... Бұл көрiнiстер арқылы қазаққа қандай ой тастамақ болдыңыз?
– Дұрыс аңғардың. Киноның iшiне орыс әскерiн жайдан-жай кiргiзген жоқпын. «Они свободные» дейдi ғой. Ол – бүгiнде тұрған үлкен сұрақ белгiсi. Осы күнi бiздiң тәуелсiздiгiмiздi, еркiндiгiмiздi көре алмайтындар бар. Сол көрiнiс арқылы барша қазаққа ой тастағым келдi. Қазақ қасқыр алса тазымен, еңбегiмен алады емес пе? Даланың еркiн көкжалының жан тапсырған кездегi аспанға қарап, Тәңiрден жәрдем сұраған сәтiнiң Бiржанға әсерi – екеуiнiң үндестiгi. Қасқыр даланың еркiн аңы болса, Бiржан халқының, қазақ даласының еркiн қыраны екенiн көрсетуге тырыстым.
– Фильмнiң соңында Бiржанның ағасы Нұржан сал-серiлердi сойылдың астына алып, соққыға жығады. Бұл көрiнiстен нендей ой түюге болады?
– Ол кездегi дүмшелiк заң қиын едi. Бiржанды басқа түгiлi, туған ағасы Нұржан түсiнбейдi. Екеуi отырғанда: «Ағатай, кейде сенiң iшiңдi бiр нәрсе оттай өртейдi ме?» – деп сұрайды. Ал ағасы болса, оны түсiнбейдi. Ең соңында Бiржан ағасына да, оның түсiнiгiне де кешiрiммен қарайды. Ал осы күнi Бiржанның шығармашылығын, яғни, әндерiн бүгiнгi қазақ түсiнiп отыр ма?..
Сайын даладағы еркiн келе жатқан сал-серi Бiржан өзi сөз бастап, ең ақырында өзi қорытындылайды. Бүгiнгi күнде қазақ өнерiнде жүрген қыз-жiгiттерiмiз еңбегiне сай лайықты бағасын алып жүр ме? Бұл жалпы қара тобыр мен асқақ өнердiң тартысы дегенге саяды.
Егер қара тобыр билiкте болса, өнерге күн көрсетпейдi. Өнердi жанымен түсiнбесе, не қайыр?! Сондықтан сал-серiлердi қан жоса етiп соқтым. Бүгiн қан шықпауы мүмкiн, жан шығады. Себебi айла-тәсiл басқа. Бiржанның сандырақтап жатып, сал-серiлердi көруi арқылы бүгiнгi саңлақтардың қай күйде екенiн көрсеткiм келдi.
– Өзiңiздi осы фильмнiң көрерменi деп қарасаңыз, ең қызықты «спец-эффектi» деп қай тұсын атар едiңiз?
– Сценарий бойынша Бiржан мен Ләйлiмнiң кездесе алмай, қайың ағашпен, табиғатпен сөйлесетiн кездерi көп-тiн. Монтаждау кезiнде оның барлығын алып тастадым. Фильмнiң ең қызықты эффектiсi деп екеуiнiң атпен шауып бара жатқанын айтар едiм. Оны вертолетпен түсiрдiк. Содан кейiн ғашықтардың атпен суға түскенiн Бiржанның туған ауылындағы Жөкей көлiнде түсiрдiк. Екеуiнiң сезiмiн поэзия, символика арқылы түсiндiруге тырыстық. Эпизодты Бiржанның күмiс белбеуi мен Ләйлiмнiң бiлезiк, шашбауларын суға тастаумен аяқтадық. Аттардың су астында жүзген көрiнiсi арқылы қос ғашықтың бiр-бiрiн өпкенiн сөзсiз жеткiздiк.
– Кино барысында рөлiн өзiңiз сомдаған Бiржан сал домбырасын күмбiрлетiп, бiрнеше рет ән салады. Осы ретте кинода серiнiң дауысын салған кiм?
– Жалпы, мен өзiм ән айтамын. Мақтанғаным емес, әнге деген талғамым да ешкiмнен кем емес. Ел аумағында өткен дәстүрлi әндер байқауларына қатысқан әншiлердiң барлығының дауысын тыңдап көрдiм. Әрқайсысына ән айтқызып, үнiндегi драматизмiне дейiн үңiлдiм. Солардың iшiндегi бiрегейi Еркiн Шүкiманов болды. Бiрақ менiң түсiнiгiмде Бiржан кең ауқымды дауысы бар, тенор болған. Бiрақ дауысы қалыпқа түспеген. Ал Еркiннiң дауысы Жүсiпбек Елебековтiң тембрiне түсiрiлген. Мен өзiм қалаған дауысты таптым. Бiрақ ол азамат өмiр бойы ауылда трактор жүргiзiп жүрген техниканың адамы болды. Бiр ай бойы Қайратқа қосып жұмыс жасадық. Өкiнiшке қарай, ол жiгiттiң домбыраға қолы жүрмедi. Сондықтан амалсыз Еркiнмен жұмыс iстедiк. Сөйтiп екi апта бойы Бiржанның даусын жаздық. Орайы келгенде айта кетейiн, кинода Бiржан Көлбайдың ауылына қонғанда, Ләйлiмнiң салдың «Ғашығым» әнiн орындайтын жерi бар. Ол әндi менiң өмiрдегi қосағым – Қарагөз орындайды. Сондай-ақ Қояндыға Омбыдан ұлық келетiн кезде ән салып отырған Бiржанды поштабай қамшымен тартып жiбердi. Сол сәтте жиналған жұрттың iшiнен бiр кiшкентай қыз «ұрды» деп айқай салады. Кiшкентай қызды ойнаған менiң қызым – Дiлдә.
«Көптен берi жанымды ауыртқан дүние…»
– Аға, көпшiлiк «Бiржан сал» фильмiнiң түсiрiлiп жатқанынан бейхабар болған сыңайлы. Олай дейтiн себебiм, бiздiң елде кино көпшiлiкке жол тартпас бұрын, режиссерлердiң «кино түсiрiп жатырмын» деген айқайлары бiрiншi жететiн. Сiздiң тарапыңыздан мұндай жарнаманы байқамадық. Неге?
– Өз басым – қандай мәселеге болсын, салиқалықпен қарайтын адаммын. «Арық айтып, семiз шық» деген – жаттанды сөз. Менiң кином, менiң түсiнiгiм коммерциялық мақсатты көздемейдi. Бұл кино тек қазақ үшiн түсiрiлген. Он қазақ жиналып, киноны көрiп, «ай, шiркiн» десе, жетiп жатыр. Сондықтан әлi илеуi қанбаған дүниенi айтып, ешбiр журналиске сұхбат берген емеспiн.
– Бұл киноның «болашағына» сенбегендiктен емес пе?
– Жоқ. Бұл тұрғыда iшкi ұстанымым менi алдаған жоқ. Киноның дұрыс шығатынына әу баста сенгенмiн. Өйткенi мен режиссер емеспiн. Көп нәрсенi бiлмеймiн. Бiрақ менiң iшкi тегеурiнiм ұлттық дүниеге келгенде алдамайтынын бiлдiм. Өзiм ойнап, жүгiрiп келiп, мониторға қараймын. Мынау дұрыс, мынау бұрыс деп түзетiп отырдым. Бұл фильм менiң Досхан ретiнде қалыптасқан болмысымның жиынтығы iспеттi. Осыны халқым қабылдаса, одан артық ештеңе керек емес.
– «Бiржан салдың» тұсаукесерiне көрермен көп жиналды. Iшiнде өнер десе, iшкен асын жерге қояр азаматтар болды. Жалпы, үзеңгiлес достарыңыз сiздiң тырнақалды туындыңызды қалай қабылдады?
– «Қазақтың мәдениетi мен этнографиясы шебер баяндалған кино» деп жатыр. Әсiресе, Әбiш Кекiлбаев, Ақселеу Сейдiмбек, Тұрсын Жұртбай, Қойшығара Салғараұлы ағаларымыз жақсы пiкiр айтты. «Бiржан сал» фильмi жүрдiм-бардым жасалған дүние емес. Бұл – менiң қаным мен жаным, ұлтыма деген махаббатым, елiме деген сүйiспеншiлiгiмнiң нышаны.
– Көрермен қауымға Досхан Жолжақсыновтың «Бiржан сал» фильмi қашан жол тартады? Қайдан, қашан көре алады?
– Бұйыртса, келесi айдың басында ел ордасы Астанада «Бiржан салдың» ресми таныстырылымы болады. Түйiндей айтсақ, адам өзi түсiнетiн, жанын ауыртқан дүниеге баруы керек. «Бiржан сал» менiң көптен берi ойымда жүрген, жанымды ауыртқан дүние деп айта аламын.
– Әңгiмеңiзге рахмет.
Әңгiмелескен
Айнұр ШОШАЕВА
Кино – өнердiң iшiндегi синтездi дүние. Оның аудиториясы кең.
Сол себептi мен көп ойланып, қазаққа не керек деген сұрақтың төңiрегiнде бас ауырттым. Тiлiмiз, дiлiмiз былай қойғанда, бiраз құндылықтарымыздан айырылдық. Бұл бiздiң ұтылғанымыз. Бiржанға бет бұрған себебiм де – соның орнын толтыру.
Сенбі 11 шілде
13 , 2009